НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Григорий Ломакин әлемдік рейтингте жеке рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, Андрей Голубев жұптық сында 24-орынға көтерілді. Ол спорттық жолында мұндай сатыға жоғарылап көрмеген еді.
Тағы бір қазақстандық, өткен аптада жұптық сында Колумбиядағы турнирдің финалына дейін жеткен Григорий Ломакин бірден 48 сатыны артта қалдырды. Ол қазір 265-сатыда.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жекелей сында 37-нші, Михаил Кукушкин 160-орында келеді.
Дмитрий Попко 175-тен 169-ға көтерілді. Тимофей Скатов – 193-інші, Денис Евсеев – 341-інші, Бейбіт Жукаев 509-сатыда тұр.
Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 18-орында қалса, Юлия Путинцева 47-ден 46-ға ауысты. Зарина Дияс 112-ден 113-ке сырғыды.
Жұптық сында Анна Данилина 21-інші, Жібек Құламбаева 302-орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).