АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында София (Болгария) ATP 250 жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп бастапқы кездесуін нидерландылық Робин Хасе – аустриялық Филипп Освальдпен өткізді.
А.Голубев пен А.Недовесов қарсыластарын 6:3, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді. Олар сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Қазақстандық жұп жартылай финал жолдамасын жарыстың 4-ракеткалары, монаколық Хьюго Нис – поляк Ян Зелински немесе америкалық Хунтер Рис – Польшаның тағы бір өкілі Шимон Валков жұптарының қай жеңгенімен сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-40-қа жуықтағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Лиссабон турнирін жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).