Ж. Құламбаева жұптық сында латвиялық Диана Марцинкевичпен бірге Италияның Брешия қаласында ITF W60 жарысында сәтті өнер көрсетті.
Жібек пен Диана ширек финалда осы турнирдің екінші ракеткалары, тайбэйлік Ю Чен Хсиех - швейцариялық Ксения Кнолмен күш сынасты. Қазақстандық-латвиялық жұп екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде 4:6. 7:6 (7:3), 10:3 есебімен жеңіске жетті.
Ж. Құламбаева мен Д. Марцинкевич жүлде қоры 60 мың АҚШ доллары болатын доданың финалына шығу үшін румыниялық Андрея Пришакариу – италиялық Камилла Розателломен таласады.
А. Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге Ұлыбританияда Сурбитон челленджер жарысының ширек финалында бір сағатқа созылған матчта америкалық Брендон Накасима – аустралиялық Алексей Попыриннен айласын асырды – 6:3, 6:4.
Турнирдің үшінші ракеткалары болып тіркелген А. Недовесов пен А. Куреши жартылай финалда үндістандық Дивиж Шаран – жаңазеландиялық Артем Ситакпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Италиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын, теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының әлемдік рейтингіде үздік ондыққа енгенін жазған болатынбыз.