Қазақстандық теннисшілер Канада мен Түркияда өтіп жатқан халықаралық турнирлерді сәтті бастады

АЛМАТЫ. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық теннисші жігіттер Канада мен Түркияда өтіп жатқан халықаралық турнирлерді  сәтті бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Теннис федерациясының интернеттегі сайтына сілтеме жасап.

Канаданың  Монреаль қаласында өтіп жатқан "Мастерс" сериясындағы  турнирде  Андрей Голубев алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ол ұлттық рейтингте бірінші, ал Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы рейтингінде (АТР) 66-шы сатыда тұр.  Алғашқы айналымда ол чех Радек Ситепанектен 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Радек АТР рейтингінде 11-ші орында тұрған спортшы. Андрейдің келесі қарсыласы АТР рейтингіде 22-ші қатардан орын тепкен швейцариялық Станислас Вавринк. 

Қазіргі таңда ұлттық рейтингте екінші, АТР рейтингінде 164-ші орында тұрған    Михаил Кукушкин де Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан  Челленджер сериясындағы турнирді сәтті бастады. Ол алғашқы айналымда поляк спортшысы Марцин Гавронды 6:4, 6:3 есебімен ұтты. Үшінші айналымға өту үшін Михаил енді даниялық Фредерик Ниелсенмен күш сынасады. АТР рейтингінде Марцин 292-ші, ал Фредерик 331-ші орында келе жатыр.