Қазақстандық теннисшілер «Кремль кубогы» халықаралық турнирінің 2-ші кезеңінде бақ сынап жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Теннистен Мәскеуде өтіп жатқан «Кремль кубогы» халықаралық турнирінде қазақстандық  теннисшілердің үшеуі жарыстың екінші кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда  ерлер және әйелдер арасында жекелей сында өнер көрсеткен қазақстандық 6 теннисшінің үшеуі  жарыстың 2-ші кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін  Юрий Щукин мен Сесиль Каратанчева  іріктеу сайыстарында  сүрінген болатын. Бірінші кезеңнен кейін кеше  олардың қатарына Галина Воскобоева қосылды. Ол ресейлік Вера Душевинадан 6:3, 2:6, 1:6 есебімен ұтылды. Ал оның командалас серігі Ярослава Шведова сербиялық Елена Янковичтен 6:4, 5:7, 6:1 есебімен басым түсті. Оның келесі қарсыласы чехиялық Люцие Шафаржова. Ол алғашқы  кезеңде жарыс қожайыны  Екатерина Макарованы (6:2, 6:2) тізе бүктірген  еді. 

Ерлер арасындағы сайыста  Андрей Голубев аргентиналық Мартин Вассальо Аргуэльоны (7:5, 6:3) ұтты. Оның келесі қарсыласы украиналық Илья Марченко мен өзбекстандық Денис Истомин жұбының жеңімпазы болмақ.  Ал италияндық Фабио Фоньиниді 6:5, 5:7, 6:4 есебімен ұтқан Михайл Кукушкиннің 2-ші кезеңдік сайыстағы қарсыласының есімі қазір белгілі болды.  Ол румыниялық Виктор Хэнескуды 5:7, 7:5, 6:4 есебімен қапы қалдырған американдық Уэйн Одесник. 

Жалпы "Олимпийский" спорт кешенінде болып жатқан бұл байрақты бәсекенің жүлде қоры 2 миллион 80 мың 500 АҚШ долларын құрайды. Оның   іріктеу ойындары қазанның 17-18-і күндері өткен болатын.   Негізгі сайыстар енді қазанның 25-іне дейін созылмақ.