Қазақстандық теннисшілер Нью-Йорктегі US OPEN турнирінің іріктеу турының матчтарына қатысады

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Нью-Йоркте үлкен теннистен әлемдегі ең мәртебелі турнирлердің бірі - US OPEN-нің іріктеу турының матчтары басталады.

Турнирдің негізгі кезеңіне шығу үшін болатын матчтарда қазақстандық теннисшілер - Зарина Диас, Михаил Кукушкин және Сесиль Каратанчева бақтарын сынап көреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Теннис федерациясына сілтеме жасап.

Федерацияның мәліметінше, Қазақстанның екінші ракеткасы Михаил Кукушкин (АТР рейтингінде 169) өзінің бірінші матчын бүгін американдық Зак Флейшманмен (АТР рейтингінде 721), Сесиль Каратанчева ( WTA рейтингінде 129) тағы бір американдық Абигейл Спирспен (WTA рейтингінде 206), ал Зарина Диас (WTA рейтингінде 224) тайпейлік Кэй-Чен Ченгпен (WTA рейтингінде 212) ойнайды.

US OPEN турнирінің негізгі кезеңінде Қазақстан атынан Ярослава Шведова (WTA рейтингінде 55), Андрей Голубев (АТР рейтингінде 56) және Галина Воскобоева (WTA рейтингінде 90) сынға түседі.