НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Олимпиаданың тағы бір жолдамасына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Елена Рыбакина мен Ярослава Шведова Токиода жұптық сында өнер көрсететін болды.
Осылайша қазақстандық теннисшілер жеті лицензияны иеленіп отыр. Бұл Қазақстан теннисі үшін рекордтық көрсеткіш болып табылады. Бұған дейін Олимпиадаларда теннисшілер еншісінде ең көбі төрт жолдама болған еді.
Токиода Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова жекелей сында додаға түспек. Ал жұптық сында А.Бублик пен Андрей Голубев, Е.Рыбакина мен Я.Шведова ел намысын қорғайды.
Олимпиадалық теннис турнирі 24 шілде – 1 тамыз аралығында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан тағы екі теннисшінің Токио Олимпиадасына жолдама алғанын, Е.Рыбакинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).