НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Загреб (Хорватия) челленджер турнирінде жұптық кездесулерін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы турнирдің 1-ракеткалары болып тіркелген Александр Недовесов пен Андрей Голубев алғашқы айналымда аргентиналық Себастьян Баес – бразилиялық Тьяго Уайлдпен күш сынасты.
Бірінші партияда қазақстандық жұп 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсетсе, екіншісінде қарсыластары қарымта қайырды – 6:2.
Супер тай-брейкте А.Недовесов пен А.Голубев бірде-бір ұпай берген жоқ – 10:0.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко чилилік Алехандро Табиломен бірге америкалықтар Натан Паша – Макс-Джейкоб Шнурмен шеберлік байқасты.
Мұнда қазақстандық-чилилік жұп 4:6, 6:1, 10:7 есебімен жеңіске жетті.
Енді ширек финалда А.Недовесов – А.Голубев және Д.Попко – А.Табило жұптары өзара кездеседі. Қай жеңгені жартылай финалға шығады.
Д.Попконың жекелей сында жолы болмады. Ол чилилік Томас Барриостан 4:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).