НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің 23 наурызда басталатын WTA 1000 Miami Open presented by Itaú турниріндегі қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарысты екінші айналымнан бастайды.
Е.Рыбакина эстониялық Кайя Канепи немесе америкалық Лорен Дэвистің қай жеңгенімен кездеседі. Ю.Путинцева ұлыбританиялық Хизер Уотсон немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен шеберлік байқасады.
Қазақстан құрамасының капитаны Ярослава Шведова алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының біреуімен кортқа шығады. Ал Зарина Диястың қарсыласы – атақты америкалық Винус Уильямс.
Ерлер арасындағы осы додада Қазақстаннан Александр Бублик пен Михаил Кукушкин сынға түседі.
Қазіргі кезде жарыстың іріктеу сайыстары өтуде. Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Бьорн Фратанджеломен ойнайды. Іріктеу сайыстарын сәтті өткізсе, Д.Попко да негізгі турнирге қосылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ турнирінде 6 қазақстандық бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Майами додасы «Үлкен дулыға» турнирлерінен кейінгі ең беделді жарыс саналады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).