НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілердің Ролан Гаррос турниріндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Франция ашық чемпионаты 30 мамыр - 13 маусым аралығында Париждегі «Ролан Гаррос» спорт кешенінің корттарында өтеді.
Жекелей сында елімізден бес бірдей спортшы өнер көрсетеді.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бубликке қиын қарсылас тап болды. Ол алғашқы айналымда әлемнің 2-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен шеберлік байқасады. Михаил Кукушкин испаниялық Алехандро Давидович-Фокинамен кездеседі.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина франциялық Эльза Жакмоны сынап көреді.
Юлия Путинцеваның қарсыласы осал емес, ол Тунис өкілі Онс Жабермен күш сынасады.
Зарина Дияс ұлыбританиялық Хизер Уотсонмен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Италиядағы Парма турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).