Қазақстандық тоғызқұмалақшылар Чехиядағы зияткерлік ойындар фестивалінің жеңімпазы атанды

АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Чехияның Пардубице қаласында өткен дәстүрлі зияткерлік ойындар фестивалінде қазақстандық тоғызқұмалақшылар жеңімпаз атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Төрт күнге созылған бұл фестиваль кезінде  тоғызқұмалақтан  халықаралық жарыс өтті. Оған АҚШ, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Ресей, Словакия,   Украина мен Чехиядан  спортшылар қатысты. Тартысты өткен сайыста павлодарлық Серік Ақтаев жеңімпаз атанды. 2-3-інші орындарды  бішкектік Қамшыбек Қасымов пен  ақтөбелік Нұрбек Қабиев бөлісті.  Командалық есепте қазақстандықтар бірінші, қырғызстандықтар екінші, жарыс қожайындары үшінші орын алды», дейді мемлекеттік бапкер Мақсат Шотаев. Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар  Африка халықтарының овари ойынынан өткен халықаралық жарыста да үздік шыққан. Онда павлодарлық Серік Ақтаев  бірінші орынға ие болды. Командалық есепте спорттың бұл түрінен үздік үштікке Қазақстан, Қырғызстан және Германия елдерінің командалары енді.