Қазақстандық тоғызқұмалақшылар Қырғызстанның ашық біріншілігіне қатысады
17:43, 08 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық тоғызқұмалақышлар мамырдың 9-15 күндері Бішкекте өтетін Қырғыз Республикасының ашық біріншілігіне қатысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қырғыз елінің астанасына біздің ұлттық құрамамыз бүгін аттанады. Онда ел намысын ерлер арасында павлодарлық Серік Ақтаев, оңтүстікқазақстандық Ғалымжан Темірбаев, шығысқазақстандық Алмас Жақсылықов пен ақтөбелік Нұрбек Қабиев қорғайды. Ал әйелдер арасында бұл мүмкіндік қызылордалық Әсел Далиева, павлодарлық Диана Кенина, оңтүстікқазақстандық Салтанат Сапарбекова мен талдықорғандық Айнұр Молдахметоваға беріліп отыр», дейді ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақыпбаева. Оның айтуынша, дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл байрақты бәсекеде бұған дейінгі сайыстарда әрдайым қазақстандықтардың мерейі үстем болған. Мәселен, өткен жылы ерлер арасында да, әйелдер арасында да ұлттық құраманың үздіктері чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жалпы ел біріншілігінің көшбасшылары саналатын Ғалымжан, Серік, Әсел және Салтанат бұған дейін де түрлі додаларда топ жарып жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.