Қазақстандық топ В. Мулявин атындағы халықаралық конкурстың жүлдегері атанды

АЛМАТЫ. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандық «Достар» тобы вокалды-аспапты ансамбльдер арасында өткен Белоруссия, КСРО халық әртісі Владимир Мулявин атындағы халықаралық конкурстың бірінші жүлдесін иеленді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған конкурс  XI  "Алтын шлягер-2009 Могилевте" халықаралық фестивалінің аясында өкізілген. Конкурстың мақсаты - ән өнерінің үздік жанрларының дәстүрлерін сақтау, Владимир Мулявиннің шығармашылық мұрасын дәріптеу. Конкурс шарттары бойынша барлық әндер жанды дауыспен орындалуы тиіс болған. Өнер бәсекесі барысында қазақстандық топ әйгілі «Песняры» тобының «Ля замковой горы» әні мен Алтынай Жиембекованың "Сағынамын" атты әнін орындаған.

Топ жетекшісі Әуен Керейбаевтың айтуынша, конкурсқа 7 мемлекеттен 10 топ қатысқан.

"Достар" тобы  2007 жылы Алматыда құрылған. Топ  құрамында  Алтынай Жиембекова,  Әуен Керейбаев (бас гитара, флейта, блок флейта, вокал), Талғат Темірғалиев (клавиштік аспаптар, флейта, саз сырнай, вокал), Эльдар Оңғарбаев (гитара,  вокал), Болат Сағымбаев (ұрмалы аспаптар) және Мәжит  Рақымов (дыбыс режиссері, вокал) өнер көрсетеді.