АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық төрешілер алғаш рет Әбу-Дабиде WTA 500 турнирінде қазылық етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Диера Әлжанова, Дамир Дүйсенбаев, Әлихан Еркінов және Эльвира Исламғалиева қапталдағы төреші ретінде іріктеу сайыстары ғана емес, сонымен қатар финалға да қатысты.
Осындай барлығы 44 төреші болса, соның 18-і финалға іріктеп алынды.
Bronze badge (қола белгі ақтан бір сатыға жоғары) иегері Меруерт Кәукеева іріктеу, ширек және жартылай финал матчтарында мінбеде қазылық етті.
Өткен жылы қарашада Юлия Игнатченко қазақстандықтар арасынан алғаш рет мінбедегі төреші ретінде күміс белгі иегері атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің түрлі жарыста қатарынан оныншы рет жеңіліс тапқанын жазған болатынбыз.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).