Эбола геморрагиялық безгегі - адам өміріне қауіп төндіретін ауру. Ол текелей қан арқылы немесе инфекцияны жұқтырған адамнан бөлінген заттар, сонымен бірге, оны жұқтырған адамның заттарын ұстағаннан таралуы мүмкін.
Эбола вирусы көбіне ауру адамдарды қарау кезінде тығыз байланыста болатын туған-туыстары мен балалары арқылы жұғуы мүмкін. Африка құрлығына барар алдында абай болу керек - жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс жасаудың қажеті жоқ, сонымен бірге, маймылдар және жарғанаттардан сақ болған жөн. Сонымен бірге, қорғайтын маскаларды тағып, адамдар көп жиналатын жерге барудан бас тартып, жоғары температуралы адамдармен байланысудың қажеті жоқ.
Белгілері
Ауру ағзаға вирус түскеннен кейін кез келген күні қозуы мүмкін. Көбіне оның белгілері 8-10 күн өткесін білінеді.
Аурудың бастапқы кезінде бас ауырып, қан құсады. Бұлшықеттер қатты ауырып, көзден, мұрын, қызыл иек пен құлақтан қан кетеді. Дененің температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Ал соңғы белгілері құрғақ жөтел мен кеуде тұсы батып ауырады.
Алдын алу
Аурудың алдын алу үшін бөлменің жүйелі түрде ауасын тазартып, дымқылдандырып отырған жөн, жеке бас тазалығын сақтау керек. Заңдастырылмаған сауда орындарынан азық-түлік алмаған дұрыс.
Аурудың белгілері байқалса, медициналық маска тағып немесе 4-5 оралған дәке орап алған дұрыс. Сонымен бірге, бірден медициналық көмекке жүгіну керек.
Эбола безгегі оқиғалары тіркелген елдерден оралған адамдарға жоғарыда аталған белгілердің бірі байқалса, медициналық көмек алу керек. Міндетті түрде соңғы 21 тәулік бойы Гвмнея немесе соған көршілес елдерде болып, осы елдерге келген адамдармен байланыс жасағаныңызды хабарлауыңыз керек.
Анықтама: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша Эбола безгегінен қаза болған адамдар саны 1013-ке жетті, соңғы үш күнде Батыс Африка елдерінде 52 адам мерт болды.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Эбола вирусын халықаралық маңызы бар дерт екендігін мойындап отыр.