09:16, 02 Сәуір 2009
Қазақстандық «Тюльпан» фильмі американдық сыншылардың оң бағасын алды
НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Нью-Йоркте Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» фильмінің прокаты басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Германия, Швейцария, Ресей және Қазақстан бірлесіп түсірген картина көптеген халықаралық жүлделердің, оның ішінде Канн кинофестивалінің арнайы сыйлығының да иегері болып табылады. Әскерден туған ауылына оралып, үйленуді арман етіп жүрген Асы есімді жас қазақ жігітінің тарихы ойын фильмі және деректі жанрдың синтезі түрінде түсірілген. Картина американдық жетекші басылымдардың киносыншыларының жоғары бағасын алып отыр. Атап айтқанда, «Нью-Йорк таймс» басылымы фильмді жұмсақ комизм мен романтизмнің элементтерімен түсірілген эпикалық пейжаздық картина деп бағалап отыр. «Тюльпан» американдық документалист Роберт Флаэртидің дәстүрі негізінде түсірілген», - деп жазады газет. Ал «Нью-Йорк Пост» басылымының шолушысы, туындыны «Шиза» және «Моңғол» сияқты фильмдер түсіріп отырған қазақстандық киноиндустрияның табысты дамуының кезекті көрінісі деп танитынын жазған. «Лос-Анджелес уикли» басылымы болса, қазақстандық фильмді тамаша туынды деп атап, «Нью-Йорк магазин» газеті «қазақ шопандарының өмірге деген көзқарастарында эксцентрикалық юмор, ерекше мінез және тамаша натурализм жатыр», - деп жазады.