13:58, 12 Маусым 2009
Қазақстандық үлесті дамыту басымдықты мәселе болып қала бермек - Елбасы Н. Назарбаев
ҚОСТАНАЙ. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - «Қазақстандық экономиканы әртараптандыруға шетелдік инвесторлардың атсалысуы туралы айтқан кезде, қазақстандық үлесті дамытудың біз үшін басымдықты мәселе болып қалатынын айтпауға болмайды», деді Елбасы Н.Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХІ пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елбасы, қазақстандық үлесті арттыру үшін қабылданып жатқан шаралардың кейбірінің әкімилігіне қарамастан, олардың біздің еліміз үшін өте қажет екенін, оны инвесторлардың өздері де мойындап отырғанын айтты. «Біз бұл тақырыпты Кеңестің өткен отырысында да егжей-тегжейлі талқылаған болатынбыз. Соңғы кездері қол жеткізіп отырған оң жетістіктерге тоқталғым келеді. Өндіруші сектордағы кәсіпорындар қазақстандық өндірушілермен 330 миллиардтай теңге соманың меморандумдарына және 200 миллиардтан астам соманың нақты келісімшарттарына қол қойды. І тоқсанның қорытындысы бойынша шетелдік инвесторлар атсалысатын үш үлкен мұнай-газ жобасы бойынша қазақстандық үлес 38 пайызды немесе 600 миллионнан астам долларды құрайды. Және де бұл көрсеткіштің осымен шектеліп қалмайтынына сенімдімін. Ең бастысы - тоқтап қалмау және «қарапайымнан күрделіге» қағидасымен алға қозғалу», деді Елбасы өз сөзінде. «Үкімет пен Индустрия және сауда министрлігі тауарлардың және қызметтердің жаңа түрлерін игеру мүмкіндіктері бойынша шетелдік инвесторлармен, қазақстандық өнеркәсіптік компаниялармен нақты жұмыс істеулері керек. Достарымызды -Кеңестің шетелдік мүшелерін осы бағытта Қазақстан Үкіметімен белсенді ынтымақтасуға шақырамын», деп атап көрсетті Н.Назарбаев.