Қазақстандық ұялы байланыс нарығында төрт оператор жеткілікті - Көлік және коммуникация вице-министрі С.Сәрсенов

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз ету үшін қазақстандық ұялы байланыс нарығына төрт оператор жеткілікті.

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп жазады Primeminister.kz.

«Біздің еліміз аумағы бойынша өте ауқымды, бірақ халықтың тығыздығы өте төмен, осыған байланысты қазір ұялы байланыс нарығындағы операторлар - Kcell, Beeline, Tele-2, ALtel нарықты қамтамасыз етуге, халықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті деп санаймыз», - деді С.Сәрсенов.

Сонымен қатар, ол «таяу арада жаңа операторлар болмайды, оған қоса біз ондай ойыншыларды көріп отырған жоқпыз» деп атап өтті.

Оның пайымдауынша, қазіргі компаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға баса назар аудару керек.

Вице-министр оған қоса үш жылдың ішінде интерконнект (желілер арасындағы қоңыраулар құны) тарифтері бірте-бірте төмендей беретінін айтты.

«Tele-2 және ALtel операторлары өзінің қызықты ұсыныстарымен тарифтердің төмендеуіне ықпал етеді. Меніңше, бұл да жақын арада бәсекелестіктің артуына әсер болмақ», - деп атап өтті вице-министр.

ComNewsResearch талдау агенттігінің мәліметінше, 2013 жылдың ақпанына Қазақстанның ең арзан операторы TELE-2 болып табылады: оператордың ұсынысы бойынша «қоржынның» орташа құны республиканың барлық облыстарында 1093,86 теңгені құрайды, бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен (1932,26 теңге) 43%-ға төмен. Одан кейін «КаР-Тел» компаниясы Вeeline брендімен бірге: 1855,55 теңге.

Рейтингте қарастырылған операторлар ішінде ең қымбаты Kcell брендімен «Кселл» АҚ болып табылады. Оның ұялы байланыс «қоржыны» 2270,93 теңге деңгейінде тіркелген, бұл ел бойынша орташа есептен 16%-ға артық. Компанияның басқа бір бренді Activ «қоржын» құнының орташа есебінен не бары 6%-ға жоғары.

Қазіргі уақытта Қазақстанның ұялы байланыс нарығында Kcell, Beeline, Tele 2, ALtel брендтерімен 4 оператор жұмыс жасайды. Оған қоса нарықтың 80%-дан астамы Kcell және Beeline тиесілі.