Қазақстандық велотрекшілер Олимпиаданың үш жолдамасына ие болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық велотрекшілер Олимпиаданың үш жолдамасына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан велоспорт федерациясы мәлім еткеніндей, Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) велотрекшілер алған лицензиялар санын ресми түрде бекітті.

Берлинде тректегі велоспорттан өткен әлем чемпионатында табысты өнер көрсетудің арқасында қазақстандықтар үш квотаға қол жеткізді. Омниумда жеткілікті ұпай жинаған Рио Олимпиадасына қатысқан Артем Захаров еліміз велотрекшілері арасындағы көшбасшылық рөлін дәлелдеді. Жекелей спринт пен кейриннен де жолдама бұйырды. Спринттік қашықтықтарда Қазақстан құрамасы тұңғыш рет жолдамаға ие болды. Әлем чемпионатында кейриннен өткен финалда тамаша өнер көрсеткен Сергей Пономарев бұған үлкен үлес қосты.

«Бұдан бұрын шосседен төрт жолдама алған едік. Шосседен үш шеберіміз топтық бәсекеде, біреуі жеке қашықтықта сынға түседі. Енді, міне, тректен үш жолдама алып отырмыз. Әсіресе, спринтерлердің алғаш рет Олимпиадаға аттанатыны Қазақстанда бұл спорт түрінің жоспарлы түрде дамып келе жатқанын көрсетеді», деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Осылайша велоспорттан ұлттық құрама жеті лицензияны жеңіп алып отыр. Енді олар Олимпиадаға дейін бірнеше жаттығу жиындарын өткізеді.