Қазақстандық волейболшы қыздар Луохеде Әлемдік Гран-Придің алғашқы кезеңдік жарысындағы соңғы дайындығын пысықтауда

АЛМАТЫ. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тамыздың 5-7 күндері Қытайдың Луохе қаласында волейболдан әйелдер арасындағы Әлемдік Гран-При жарысының 1-кезеңдік сайысы өтеді.

Бақытжан Байтөреев жаттықтыратын ұлттық құрама Қытайдағы соңғы оқу-жаттығу жиыны кезінде жергілікті командалармен 3 жолдастық кездесу өткізіп, 31 шілдеде өткен екінші ойында ғана «Джиангсу» командасына есе жібергенмен, қалған екі ойынды өз пайдаларына шеше алды.

Луохе қаласына 2 тамыз күні келіп жеткен қазақстандықтар АҚШ, Қытай және Сербия құрамаларымен «Д» тобында өнер көрсететін болады. Алғашқы ойын жарыс қожайындарымен болады. Одан кейін АҚШ пен Сербия спортшыларымен кездесетін ұлттық құраманың бұл ойындарының бірінші мен үшіншісі жергілікті уақытпен 19:30-да, ал екіншісі 16:10-де басталады. ҚР Волейбол федерациясы таратқан хабарламаға қарағанда, оны спорт сүйер қауым трансляция арқылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан 5 тамызда - 22:50-де, 6 тамызда - 23:40-та, ал 7 тамызда - 23:20-да тамашалай алады.