Қазақстандық волейболшылар ашық Ресей кубогының жартылай финалына қатысады

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан  Қазақстан ұлттық құрамасы қазанның 27-сі мен қарашаның 1-і аралығында Новосібір қаласында В тобындағы командалармен бірге  ашық Ресей кубогының жартылай финалдық  ойындарына   қатысады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Константин Ревті еске түсіруге арналған бұл дүбірлі доданың жартылай финалдары биыл Қазан, УФА, Новосібір, Калининград қалаларында өтпек. Бұған дейін   іріктеу кезеңінің сайыстары ресейлік Суперлига мен Жоғары "А" лига командалары арасында өткен болатын. Енді Бүкілресейлік волейбол федерациясының арнайы шақыртуымен жарыстың жартылай финалына   Қазақстан, Белоруссия, Латвия және Украина құрамалары да  араласатын болды.   Онда  іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 16 ресейлік және 4 шетелдік командалар 4 топқа бөлініп өзара күш сынасады. Өз тобында 1-2 орын алған командалар одан кейін ақтық сында  кездеспек.

Геннадий Парчин жаттықтыратын ел құрамасы онда В тобында өнер көрсетеді. Онда -  Новый Уренгойдың "Факель", Новосібірдің "Локомотив", Екатеринбургтің "Локомотив-Изумруд", Краснодардың "ГУВД-Динамо" командалары бар. Жалпы Г. Васильевичтің тәлімгерлері биыл қыркүйектің 27-сі мен қазанның 5-і аралығында Филиппиннің  Манила қаласында аяқталған 15-ші Азия чемпионатында 16 елдің ішінен 5-ші орын алған болатын.