15:14, 05 Маусым 2009
Қазақстандық волейболшылар бүгінгі кездесуін сәтті өткізсе, Азия чемпионатының жүлделі орындары үшін таласуға мүкіндік алады
АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тайландта өтіп жатқан клубтық Азия чемпионатында кеше «Жетісу» волейбол клубының қыздары қытайлық құрбыларынан 1:3 есебімен ұтылып қалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Нахон Патом қаласындағы бұл байрақты бәсекеде Рустам Мәсімов жаттықтыратын талдықорғандық қыздар алғашқы 3 кездесуінде басым түскен болатын. Олар алдымен индонезиялықтарды 3:0, одан кейін Ауғанстан мен Вьетнам еліндегі өз әріптестерін де осындай есеппен тізе бүктірді. Алайда, кеше Қытайдың «Тианжин Бриджстоун» клубымен өткен ойында 1:3 есебімен (20:25, 16:25, 25:21, 21:25) есе жіберді. Қазақстан чемпионы енді бүгінгі кездесуде Жапонияның «Торэй Арроуэ» клубын ұтса топтық ойында екінші орын алып, жарыстың жүлдесі үшін таласын жалғастыруға мүмкіндік алмақ.