Қазақстандық волейболшылар клубтық Азия чемпионатының қола жүлдесіне таласуда

АЛМАТЫ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тайландта өтіп жатқан клубтық Азия чемпионатында қазақстандық волейболшылар қола жүлде үшін таласуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Рустам Мәсімов жаттықтыратын талдықорғандық қыздар алғашқы 3 ойында басым түскен болатын. Алайда соңғы екі кездесуде Қытай мен Жапон елінен келген құрбыларына есе жіберіп алды. Олар алдымен «Тианжин Бриджстоун» (Қытай) клубынан 1:3 есебімен (20:25, 16:25, 25:21, 21:25), ал одан кейін «Торэй Арроуә» (Жапония) клубынан 2:3 (25:19, 24:26, 22:25, 25:18, 17:19) есебімен ұтылып, өз тобында 3-ші орын алды. Ал ширек финалда солтүстіккореялық «Собаекси» спортшыларын 3:0 (25:23,25:23, 25:19) ойсырата ұтып, жүлделі орындар үшін таласуға мүмкіндік алған еді. Бұл сында қытайлық қыздардан тағы да 3:0 (23:25, 18:25, 14:25) есебімен ұтылғандықтан, бүгін енді жапондықтармен 3-ші орын үшін екінші рет кездесетін болды.