Қазақстандық Ю.Галышева Әлем кубогы кезеңінде параллельді могулден үшінші орынға табан тіреді

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Галышева Американың Дир Вэлли шипажайында өтіп жатқан фристайлден Әлем кубогының 16-шы кезеңінде параллельді могулден үшінші орынға табан тіреді.

www.vesti.kz сайтының хабарлауынша, ақтық сынды канадалық Жюстин Дюфур-Лапоинттен мықты екендігін дәлелдеген американдық Ханна Керни жарыс жеңімпазы атанды. Ал қазақстандық спортшы жұбаныш финалында американдық спортшы КС Оклиден басым түсіп, үшінші орынды иеленді. Еліміздің намысын қорғаған тағы бір спортшымыз Дарья Рыбалова 26-шы орынмен біліктілік сайысынан өте алмады.

Ал ерлер сайысында бас жүлде канадалық фристайлшы Александр Билодоға бұйырса, 2-3-ші орындарды американдық спортшылар Патрик Денин мен Брэдли Уилсон бөлісті. Қазақстандық Дмитрий Рейхард жарысты 11-ші орынмен аяқтаса, Павел Колмаков пен Дмитрий Бармашов біліктілік сайысынан аса алмады.