АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Малайзияның Куала-Лумпур қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымына шықты.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина осы турнирдің төртінші ракеткасы, неміс теннисшісі Анника Бекті сағат жарымға созылған уақытта 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктірді. З.Дияс матч барысында бес брейкке қол жеткізді. Әсіресе, бірінші партияда 3:5 есебімен жеңіліп жатып, кейінгі төрт геймді қатарынан ұтты.
Қазақстандық теннисші бұдан бұрын да А.Бекті бір мәрте ұтқан болатын. З.Дияс екінші айналымда осы турнирде ресейлік Александра Панованы жолдан тайдырған қытайлық Чжу Линьмен кездеседі.
Айта кетейік, биылғы жарыстарын сәтсіз өткізген З.Дияс әлемдік рейтингте 95-інші орынға дейін төмендеп кеткен болатын. Ал аталмыш турнирдің жүлде қоры - 226750 АҚШ доллары.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).