Қазақстандық З.Дияс «Ролан Гарростың» алғашқы айналымында чехиялық П.Квитовамен кездеседі

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Парижде ертең басталатын «Ролан Гаррос» (Францияның ашық чемпионаты) турнирінің алғашқы айналымында қазақстандық Зарина Диясқа мықты қарсылас тап болды.

Жиырма жастағы Зарина өзінен төрт жас үлкен чехиялық теннисші, 2011 жылғы Уимблдон чемпионы, әлемнің алтыншы ракеткасы, бұл турнирде бесінші болып кортқа шығатын Петра Квитовамен шеберлік байқасады. Қарсыластар бұдан бұрын бір-ақ рет кездескен. 2009 жылы Прагадағы турнирде Зарина Петраны 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірген. Сондықтан чехиялық азулы теннисші бұл жолы есе қайтаруға тырысары сөзсіз.

Әлемдік рейтингте 96-орында келе жатқан З.Дияс осыған дейін Страсбургте өткен жарыстың ширек финалына дейін жеткен болатын. Содан кейін 22 жасар американдық Кристина Макхэйлден жеңіліп жатып, жарақатына байланысты ойынды жалғастырудан бас тартқан болатын. Дегенмен К.Макхэйл қарсыласының өнерін жоғары бағалады.