Қазақстандық жағажай волейболшылары Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті

АЛМАТЫ. 20 мамыр. ҚазАқпарат -Үндістанның Ченнай қаласында жағажай волейболынан 21 жасқа дейінгі жастар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында (U-21) қазақстандықтар сәтті өнер көрсетуде.

Онда ел намысын қорғаған Сергей Богату мен Владислав Пустынников, Виктор Пестов пен Кирилл Гурин және Бақтыгүл Самалықова мен Любовь Богату жартылай финалға алқынбай жетті.

Іріктеу сынында «В» тобында бақ сынаған Бақтыгүл мен Любовь Үндістанның 2-ші және 4-ші, Жапонияның және Индонезияның 1-ші нөмірлі жұбын ұтты. Ширек финалда Үндістан құрамасының үздіктерін жеңген олар енді жартылай финалда жапон құрамасының көшбасшыларымен қайта кездесті. Ал «Д» тобында өнер көрсеткен Виктор мен Кирилл үндістандықтардың 3-ші, жапондықтар мен омандықтардың 2-ші, түрікмендердің 1-ші нөмірлі спортшыларын қапы қалдырып, енді индонезиялықтардың қауқарын байқауда. «А» тобында Индонезия мен Иранның 1-ші, Оман мен Үндістаның 2-ші жұптарын жеңген Владислав пен Сергей енді австриялықтармен шеберлік байқасуда.