Қазақстандық жас өнерпаздар Ресейде өткен фестивальда гран-при жүлдесін ұтып алды (ФОТО)

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ресейдің Новосибирск қаласында өткен«Сибирское вдохновение» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының алғашқы халықаралық байқау фестивалінде Қазақстанның Риддер қаласынан барған «Экзерсис» хореографиялық ансамблі гран-при ұтып алды. Әділқазылдар олардың кәсіби шеберлігін ерекше бағалады.

Фестивальға Ресей мен Қазақстанның 13 қаласынан 260-тан астам бала қатысты. Риддерліктерден басқа, Қазақстан атынан Семей қаласының Балалар мен жастар шығармашылығы сарайының тәрбиеленушілері, Астана қаласы №56 мектеп лицейі, Екібастұздан «Өнер» ҚМО, Петропавл қаласынан мектептен тыс жұмыс балалар-жасөспірімдер орталығының шығармашылық ұжымы ерекше шеберлік танытты. Атап айтқанда, Семейден барған «Колокольчик» музыкалық-драма театрының басшысы Ләйлә Кенжебаева фестивальдің үздік режиссері атанды. Бұл театр ұжымы «Артистік шеберлігі үшін» дипломымен марапатталды. Ең жас әртістер «Театраландырылған шығармашылық. Мюзикл. Ансамбль» номинациясы бойынша 1 орынды иеленді. Енді бас жүлде - гран-при иегері «Экзерсис» ансамблімен бірге «Колокольчик» театрының балалары да «Салют Талантов» жобасының V-ші суперфиналына қатыса алады. Ол 2014-2015 жылғы фестивальдық маусым соңында Санкт-Петерборда өтеді. Екібастұздан «РИТМ» хореографиялық ансамблі «Хореографиялық шығармашылық. Заманауи би. Ансамбль» номинациясы бойынша 2-ші орын алды, балалар сондай-ақ орташа жас санатындағы «Хореографиялық шығармашылық. Халық биі. Ансамбль» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Петропавлдың «АрабесК» би ансамблі ересек жас санатындағы «Хореографиялық шығармашылық. Эстрадалық би. Ансамбль» номинациясы бойынша 2-ші орынды жеңіп алды.