АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жантөре Санжарұлы 12 жасқа дейінгілер арасында Грекияда өткен екінші санаттағы Tennis Europe турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Жантөре кипрлік Михаэл Гинетлумен бірге жұптық сында финалда намибиялық Исраэл Дове - грекиялық Рафаэль Пагонисті жеңді - 7:6, 6:3.
Жекелей сында да финалға жеткен Ж.Санжарұлы соңғы бәсекеде аустриялық Морис Фрейтагқа жол берді - 1:6, 2:6.
Тағы бір қазақстандық Ева Корышева Испанияда Рафаэль Надаль академиясында 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы осындай жарыста жұптық сында финалға дейін жетті. Ол Швейцария өкілі Луана Каппельмен бірге титул үшін бәсекеде аса тартысты матчта италиялық Костанца Рикон - аустралиялық Элен Хиршиге есе жіберді - 6:1, 3:6, 8:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің халықаралық турнирлерді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).