Қазақстандық жас теннисші Грузияда екі мәрте чемпион атанды
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Ә.Омарханов жұптық сында отандасы Артем Сидоровпен бірге финалда белоруссиялық Станислав Бульбинко – украиналық Игорь Соловеймен бас жүлдені сарапқа салды.
Бұдан бір апта дұрын дәл осындай жарыста қазақстандықтар қарсыластарына финалда супер тай-брейкте 4:6, 6:3, 7:10 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы қазақстандық жұп қарымта қайырды – 6:3, 6:3.
Жекелей сында А.Сидоров жартылай финалға дейін жетіп, онда жарыстың бірінші ракеткасы, ресейлік Иван Юткиннен ұтылып қалды – 4:6, 4:6. Есесіне Ә.Омарханов жартылай финалда ресейлік Антон Каратцевті ойсырата жеңді – 6:1, 6:0. Ал аса тартысты өткен соңғы бәсекеде И.Юткиннен айласын асыра білді – 7:6 (7:5), 3:6, 6:2.
Осылайша Тбилисиде екі мәрте жеңімпаз атанған Ә.Омарханов Ресейде өз жас ерекшелігіне қарай бесінші ракетка болып отырған И.Юткинмен алғаш рет кездескенін жеткізді.
Бұл – Әмірдің ТЕ сериясындағы биылғы маусымдағы үшінші табысы. Соның арқасында 14 жасқа дейінгілер арасында Еуропа рейтингісінде 54-орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Истбурн турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастап, негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.