АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Роберт Каминский Вильнюс қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында өткен екінші санаттағы Tennis Europe турнирінде чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, еліміздің жас жұлдызы финалда Польшаның осы жастағы бірінші ракеткасы Ян Парадовскиймен кездесті.
Алматы теннис мектебінің түлегі қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Жарыс барысында Роберт бірде-бір сетте ұтылған жоқ.
Жұптық сында Р.Каминский литвалық Марк Тверсиймен бірге финалда тартысты бәсекеде Беларусь өкілдері Коран – Свитловқа есе жіберді – 6:1, 4:6, 5:10.
Роберт Каминский үшін биылғы жыл табысты болды. Ол осымен Tennis Europe сериясы бойынша жекелей сында үшінші титулына қол жеткізді. Биылғы маусымда Амал Сұлтанбековтің шәкірті 30 матч өткізіп, соның 26-сында жеңіске жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан құрамасының Дэвис кубогінің іріктеу сайысында Чилимен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Италиядағы жарыстың финалында жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).