НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Татьяна Николенко Стелленбос (Оңтүстік Африка Республикасы) қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан үшінші санаттағы ITF Juniors турнирінің финалында ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Т.Николенко жартылай финалда кениялық Анжела Окутоиды 6:3, 6:3 есебімен ұтты.
Өскемен теннис мектебінің түлегі, 17 жастағы Т.Николенко ертең финалда словакиялық Ирина Балушпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, теміртаулық Максим Батютенко жартылай финалда оңтүстікафрикалық Коннор Хенримен кездесті. Бірінші партияда корт иесі басымдылық көрсетті – 6:2. Екінші сетте қазақстандық теннисші жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испаниядағы турнирдің ширек финалына өткенін, Елена Рыбакинаның жұптық сында Индиан-Уэллс жарысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).