НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Пуна қаласында (Үндістан) 18 жасқа дейінгілер арасында ITF сериясы бойынша өткен бірінші санаттағы турнирдің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, С.Кенжебаева үндістандық Сухита Маруримен бірге финалда қазақстандықтар Еркежан Арыстанбекова – Жанель Рүстемовамен бас жүлдені сарапқа салды.
Аса тартысты өткен матч екі сағат жарымға жуық уақытқа созылды.
Сандуғаш пен Сухита 6:4, 2:6, 10:8 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын алдағы жылы Алматы мен Түркістанда жаңа теннис орталықтары ашылатынын, жас қазақстандықтың Еуропа турнирінің жеңімпазы атанғанын
жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).