АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде үздік шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Испанияның Санта-Понса қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe сериясы бойынша өткен бірінші санаттағы жарыста Найля Баймаханова жекелей сында финалда ғана ресейлік Софья Якухинаға есе жіберді.
Грекияда екінші санаттағы осындай додада Жантөре Санжарұлы жұптық сында чемпион атанды. Ол намибиялық Исраэл Довемен бірге соңғы бәсекеде грекиялық жұпты 6:2, 6:0 есебімен ойсырата ұтты. Жекелей сында Жантөре жартылай финалға дейін жетті.
Өскеменде үшінші санаттағы ТЕ жарыста алматылық Полина Слепцова абсолютті жеңімпаз болды. Ол жекелей сында финалда отандасы Айя Мырзақұлованы тартысты кездесуде ұтты – 2:6, 6:2, 7:6 (7:2). Ал, жұптық сында Ариана Колбасинамен бірге Альбина Кәкенова - Айя Мырзақұловадан айласын асырды – 3:6, 7:6 (7:4), 10:3.
Ұлдар арасында жекелей сында шешуші бәсекеде Тихон Сорокинді жеңген Ілияс Маратұлы озық шықты – 6:1, 6:4. Ілияс мұнымен тоқтамай, жұптық сында Вячеслав Кауфельдпен бірге финалда Демид Горбачев - Бақтияр Ерасылды тізе бүктірді – 6:0, 7:6 (8:6).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Түркиядағы турнирдің чемпионы атанғанын, Қазақстан әйелдер құрамасының әлем чемпионатына дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).