НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында бесінші санаттағы ITF Juniors турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар Ерасыл Ерділда мен Варвара Алексеева жекелей сында осындай деңгейдегі жарыстағы алғашқы титулына қол жеткізді.
Е.Ерділда финалда өзбекстандық Артур Ибрагимовті 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
В.Алексеева соңғы бәсекеде тағы бір қазақстандық Ульяна Романованы сүріндірді - 6:2, 6:4.
Жұптық сында қазақстандықтар Данир Қалдыбеков пен Олег Гусаков финалға дейін жетіп, өзбекстандықтар Бобур Мадаминов - Артур Ибрагимовқа есе жіберді - 4:6, 2:6.
Қыздар арасында Анастасия Крымкова мен Сәтима Төреген финалда қырғызстандық Владислава Андреевская - ресейлік Устина Лекометоваға жол берді - 5:7, 3:6. Бұл 13 жасар Сәтима үшін ITF турнирлеріндегі бірінші финалы еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).