НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас теннисшілер Өскеменде өткен ITF Juniors J3 «Kazzinc Open» турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық қыздар жекелей және жұптық сында да үздік шықты.
Жекелей сында финалда Сандуғаш Кенжебаева мен ресейлік Елизавета Масная бас жүлдені сарапқа салды.
Жарыс барысында Масная қазақстандықтар апалы-сіңлілі Арыстанбековаларды және Аружан Сағындықованы жолдан тайдырған болатын. Әсіресе, 3 сағат 11 минутқа созылған жартылай финалдық матчта Аружан Арыстанбекованы жеңген еді. Ал Кенжебаева жартылай финалда отандасы Дана Байдәулетпен 2 сағат 41 минут ойнады.
Дегенмен соңғы бәсекеде С.Кенжебаева Е.Маснаядан 6:3, 6:4 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алды.
Жұптық сында финалда қазақстандық теннисшілер өзара мықтыны анықтады. Осы доданың бірінші ракеткалары Аружан Сағындықова мен Дана Байдәулет Әсем Шойбек пен Стефания Шалахованы 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Словакиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).