АСТАНА. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы ITF Juniors турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, аталмыш халықаралық жарыста қазақстандық жастар табысты өнер көрсетті.
Бозбалалар арасында Ілияс Маратұлы финалға дейін жетіп, соңғы бәсекеде ресейлік Амирхамза Насридиновке жол берді – 2:6, 1:6.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі Виталий Зацепин жұптық сында А.Насридиновпен бірге финалда ресейліктер Даниэль Хазиме – Олег Колниновті 6:1, 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды.
Қыздар арасында алматылық Іңкәр Дүйсебай ресейлік Кристина Сидоровамен бірге финалда қазақстандықтар Әдемі Аманкелді – Сати Әубәкірованы 7:5, 7:6 (7:0) есебімен қапы қалдырып, жеңіс тұғырына көтерілді. Іңкәр жекелей сында жартылай финалға дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын атақты теннисші Билли Джин Кингтің Қазақстан құрамасымен кездескенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).