ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кентінде 2003-2004 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында волейболдан халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл жиырмасыншы мәрте өткізілген жарысқа еліміздің бірқатар облыстары мен Өзбекстаннан 20 команда қатысты. Турнирде жергілікті команда өзгелерге ешбір мүмкіндік бермей, бас жүлдеге қол жеткізді. Айта кету керек, биыл олар 12-інші рет жеңімпаз атанып отыр.
Одан кейінгі орындарды Түркістан және Жамбыл облыстарының командалары өзара бөлісті. Сондай-ақ ақтөбелік шабуылшы Бағлан Амантулин, жамбылдық үйлестіруші Диас Көпбаев, Шығыс Қазақстан облысының либеро ойыншысы Әлішер Маратов өз шептері бойынша үздік саналса, сырдариялық Дулыға Төлегенов үздік ойыншы болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.