НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Мищенко жұптық сында Черногорияның Улцень қаласында өткен екінші санаттағы Tennis Europe Junior Tour сериясындағы Bellevue Cup U12 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, аталмыш жарыста Қазақстан, Албания, Грекия, Черногория, Косово, Македония, Германия, Ресей, Болгария, Франция, Украина елдерінен 12 және одан кіші жастағы жасөспірімдер қатысты.
«Қазақмыс» теннис клубының түлегі, Қазақстанның 12 жасқа дейінгілер арасындағы 2-ракеткасы М.Мищенко черногориялық Вук Крстаичпен бірге қарсылас шақ келтірмеді.
Финалда Михаил мен Вук сербиялықтар Филипп Джокич – Михайло Топичті тартысты матчта 2:6, 6:2, 10:8 есебімен ұтты. Қазақстандық-черногориялық жұп супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды.
Бұл – олардың биылғы екінші табысы. Бұдан бұрын 11 сәуірде Тиранада Tennis Europe Junior Tour сериясындағы Tirana Open U12 жарысында Мищенко мен Крстаич финалда грекиялықтар Заворгинос Атанасиос – Алкис Михалакопуласты 7:6 (7:5), 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид турнирін жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).