Қазақстандық жасөспірім теннисшілер алғаш рет Азия чемпионы атанды
20:25, 17 Қыркүйек 2022
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 12 жасқа дейінгілер арасында өткен Азия командалық біріншілігі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, қазақстандық ұлдар (капитаны Сергей Квак) финалда Таиланд құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Чемпиондық мәселе соңғы, жұптық бәсекеде шешілді. Роберт Каминский мен Гиорги Брегвадзе Дарма Антаратон - Три Срисеннен басым түсті - 7:5, 6:3.
Осылайша, қазақстандық ұлдар өз тарихында алғаш рет чемпиондық тұғырға көтерілді.
Қыздар құрамасы финалда Таиланд құрамасына жол берді - 0:3.
Осыған дейін қазақстандық қыздар 2019 және 2021 жылдары чемпион атанса, ұлдар 2019 жылы қола, өткен жылы күміс жүлдеге ие болған еді.