Қазақстандық жасөспірім теннисшілер Азия ойындарын сәтті бастады

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Бұл күндері Қытайдың Нанжин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қазақстандық теннисшілер сәтті өнер көрсетуде,

деп хабарлады ҚР Теннис федерациясының баспасөз қызметінен.

Бүгін «Team Kazakhstan» тәрбиленушілері Әсия Дайыр мен Анастасия Епишева ширек финалға жолдама алу үшін сайысқа түссе, жеке сында қазақстандық теннисші Дмитрий Попко алғашқы айналымда сириялық Карема Алалафтан 6:1,6:2 есебімен басым түсті. Ал бірінші айналымда катарлық Абдулла Алмамоудтан екі сетте де басым түскен тағы бір спортшымыз Роман Хасанов екінші айналымға жолдама алды.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары ең алғаш рет 2009 жылы Сингапурде өткен болатын. Ағымдағы жылы байрақты бәсеке спорттың 17 түрінен өтеді. Жүлделі орындар үшін 45 елдің спортшылары бақ сынайды.