Қазақстандық жасөспірім волейболшылар Азия чемпионатында 10-шы орын алды

АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Иранның Тегеран қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ІХ Азия чемпионатының ақтық ойындары өтеді.

Григорий Неклюдов жаттықтыратын қазақстандықтар кеше Австралия құрамасына есе жіберіп, оныншы орынды қанағат тұтты. Бүгін үздік сегіздікке кіргендер арасынан Қытай мен Иран - чемпиондық атақты, Оңтүстік Корея мен Жапония - қола жүлдені, ал Тайпей мен Шри-Ланка - бесінші, Тайланд пен Үндістан жетінші орынды сарапқа салатын болады.

3 қазан күні басталған бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Қытай мен Тайланд спортшыларымен «В» тобында өнер көрсеткен еді. Онда екі ойында да қарсыластастарына 0:3 есебімен ұтылып, жүлделі орындарға таласу мүмкіндігін қолдан шығарып алды. Ал 9-11 орын үшін болған сайыста Түрікменстанды 3:2 есебімен ұтқанымен, шешуші ойында австралиялықтардың осал тұсын таба алмады.