ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Ярославль қаласында 16-17 жастағылар арасында ММА бойынша мәреге жеткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Ерұлан Қабдолов 48 кг салмақта қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар Берікхан Мәдениетов (48 кг), Әлберген Аманқос (61,2 кг), Самат Мұқашев (84,0 кг) және Еркінбек Қосаев (93,0 кг) өз салмақ дәрежелерінде қола жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасын Алмат Есентаев бастаған Армат Сәрсекенов, Евгений Макшанцев, Сағындық Мекеев және басқа бапкерлер жаттықтырады.
А.Сәрсекенов «ҚазАқпарат» тілшісіне марапаттау рәсіміне атақты жекпе-жек шебері, Ресей ММА одағының президенті Федор Емельяненконың қатысқанын жеткізді. Ол оралдық Самат Мұқашевпен суретке де түсті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).