НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жасөспірімдер елордадағы «Дәулет» теннис орталығында 12 жасқа дейінгілер арасында Азия командалық біріншілігінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, 17 қыркүйек күні Азия чемпионатының финалында қазақстандық ұлдар мен қыздар Таиланд құрамасымен бас жүлдені сарапқа салады.
Соңғы ойында ұлдар Гонконг, қыздар Малайзия командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
«Біздің финалдағы қарсыласымыз мықты. Соған қарамастан, жеңіс тұғырына көтерілу үшін бар күшімізді саламыз», деді қыздар құрамасының мүшесі Линара Бөлешева.
Роберт Каминский де ел намысын қорғау үлкен абырой екендігін айтып, жарысқа дайындаған бапкерлер мен команда капитанына алғысын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Словениядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).