«Биылдың қаңтарынан бастап барлық аймақтар бойынша 10 мыңға жуық студентті өз стартап идеяларын құру процесіне енгіздік. Олардың арасында 5 мыңға тарта адам өз жобаларын құруға қауқарлы болды. Атап айтқанда, соның ішінде 471 жобаны ширек финалға өткіздік және алдағы үш күнде олардың арасындағы мықтыларын іріктейміз», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, министрлік жас бизнесмендердің стартаптарын қаржыландыруға қатыспайды. Яғни қазылар алқасында әлеуетті инвесторлар болатындықтан, өз идеяларын ұсынған жастар тың жобаларымен инвесторларды қызықтыра алуы тиіс.
Айта кетейік, биылғы ақпан мен мамыр айларында еліміздің өңірлерінде «SratupBolashak - Менің арманым» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Соның нәтижесінде ширек финалға 471 бизнес-жоба шықты. 16-35 жас аралығындағы 900-ден астам қатысушы, сондай-ақ 100 сарапшы, 50 ментор мен аймақтардан келген 20 үйлестіруші қатысып жатыр.
Үш күннің ішінде елордадағы Тәуелсіздік сарайында жартылай финалға жолдама алатын 100 мықты жоба таңдалатын болады.
Стартаптар 10 тақырып бойынша секцияларға бөлінген. Осы орайда жасыл экономика, білім беру, медицина мен салауатты өмір салты, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, ақылды технология, құрылыс пен әрлеу, туризм, қоғамдық тамақтану бағыттары ескерілген.
Жартылай финалға өткендер 2018 жылдың шілде айында «SratupBolashak - Менің арманым» жазғы кубогы аясында финалға жолдама алу үшін өзара бақ сынасады.