Қазақстандық жастар Дельфий ойындарында екі алтын медаль олжалады

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Шабыт» өнер үйінде ТМД жастары арасындағы VII Дельфий ойындарының «Саксофон», «Халық биі», «Фотосурет» және «Көркемсурет және бейнелеу өнері» аталымдарының жеңімпаздары анықталды.

«Саксофон» аталымында Қазақстан, Армения және Ресей мемлекетінің өкілдері сайысқа түсті. Бірінші орын және алтын медаль Ресей саксофоншысы Александр Стреляевтің уысында кетті. Күміс жүлде армениялық Арам Погосянға бұйырса, үшінші орынға қазақстандық музыкант Ақжол Исин ие болды.

«Фотосурет» аталымы бойынша 16-21 жастағы жастар арасында алтын медаль Ресей Федерациясына жол тартты. Юлия Строкинаның (Ресей) фотоматериалдар ең үздік деп танылды. Күміс Анастасия Таракановаға (Ресей) берілді. Қола медаль Марина Шевчуктің (Қазақстан) еншісінде.  Ал 10-15 жастағы балалар арасындағы сайыста қазылар алқасы алтын медальді ешкімге лайықтаған жоқ. Күміс жүлде қазақстандық Арман Шәменовке табысталса, қола Кира Кемайкинаның (Қазақстан) төсіне ілінді.

Ал ең көрікті сайыс - «Халық биі» аталымында өнерсүйер қауым қызу бәсекелестікке куә болды. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінің өнер ұжымдары қатысқан байқауда барлығы 15 ансамбль бақ сынады. Кіші жас категориясындағы балалар арасында алтын медаль Қазақстанның «Шашу» ансамбліне берілді. Олар қалалық, республикалық дельфий ойындардың жеңімпаздары, енді міне, ТМД елдері арасында үздік атанып отыр. Екінші орынды Қырғызстаннан келген бишілер «Адис» тобы ұтып кетті. Ал үшінші орынды Астананың «Бәйтерек» би ансамблі жеңіп алды. Келесі 13-15 жастағы балалар арасындағы жарыста алтын медаль «Сибирьские узоры» ансамбліне бұйырды. Күміс жүлде «Карусель» (Ресей) ұжымына, қола - «Рауан» (Қазақстан) бишілеріне табыс етілді.

Жасөспірімдер арасындағы байқауда бірінші орынға қырғызстандық «Шаттық» би ансамблі, екінші орынға Қазақстанның «Жарқын» би тобы, үшінші орынға тағы бір отандық ұжым «Гаухар білезік» лайық деп танылды.

Соңғы «Көркемсурет және бейнелеу өнері» аталымында кіші жас категориясындағы қатысушылар арасында қазақстандық Виктория Сергиенко үздік атанса, одан кейінгі орынға молдовалық Чезар Чобану, ал үшінші жүлдеге Светлана Титова (Ресей) ие болды. Жасөспірімдер арасындағы сайыста ең мықты туынды Екатерина Шиманочинікі деп таңдалған болса, күміске отандасымыз Арай Нұрашова қол жеткізді. Үшінші орынға қазылар ресейлік Татьяна Чепрасова лайық деп шешті.