Аталмыш шараға елімізден 16 бала қатысқан. Атап айтқанда, 7 мен 16 жас аралығындағы "Таңсәрі" мюзик-шоу театрының жас әртістері өнер көрсетті. Олар Бас жүлдені, бірінші, екінші және екі үшінші орынды, сонымен қатар әділ қазылар алқасының жеті арнайы сыйлығына ие болды. Бас жүлдені «Мистер Кинотаврик» аталымы бойынша, театрдың ең жас әртісі, жеті жасар Аруан Баракаев еншіледі. Барлық қатысушылар «Сән театры» аталымының екінші дәрежелі лауреаттары атанған. Ұйымдастырушыларға қазақстандық киім сән үлгілері де қатты ұнағандықтан, олар мерекенің ашылу салтанатында да өнер көрсеткен.
«КиноМарк» компаниясының ұйымдастыруымен өткен фестивальге ТМД елдерінен келген орындаушылар мен балалар шығармашылық ұжымдары қатысқан. Олар вокал, хореография, театр өнері, спорттық жарыстар бойынша сайысқа түскен. Төрешілер құрамына танымал композиторлар, хореограф, актерлер, модельер мен продюсерлер және атақты режисерлер кірген.
Жас әртістер: "Бұл сапар Алматы және Алмалы ауданы әкімдігінің, сонымен қатар демеушілік көрсеткен жеке тұлғалардың көмегінсіз болмас еді",-деді.
Жобаның басты нәтижесі - ұйымдастырушылардың келесі жылғы фестивальді Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсыныстары болған.