Қазақстандық жазушы Герольд Бельгерге «Федеративтік Германия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордені табыс етілді

None
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат - Германияның Қазақстандағы Елшісі Райнер Шлагетер мырза өз елінің атынан бүгін Алматыда қазақстандық жазушы Бельгерге Германия мен Қазақстан халықтарының арасындағы өзара түсіністікті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Федеративтік Германия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін табыс етті.

Бұл орден - Герольд Бельгердің халықтар достығына қосып отырған еңбегіне Германия тарапынан берілген жоғары баға. Марапаттау рәсімінің Германияның Қазақстандағы жылының аясында өтіп отырғаны да ерекше маңызға ие.

Герольд Бельгер 1934 жылы қазанның 28-інде Саратов облысы, Энгельс қаласында туған. Неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазады. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1958). 1958-960 жж. Жамбыл облысының Байқадам кеңшарындағы орта мектепте мұғалім, 1960-1963 жж. Абай атындағы ҚазПИ-дің аспиранты, 1963-1964 жж. "Жұлдыз" журналында әдеби қызметкер болды. 1964 жылдан шығармашылық жұмыста, 1992 жылдан неміс тілінде шығатын "Феникс" альманахы бас редакторының орынбасары. "Ауыл шетіндегі үй" (1973), "Даладағы шағалалар" (1976), "Алты асу" (1977), "Тас өткел" (1988, орыс, қазақ, неміс тілдерінде), "Бауырластықтың жанды бейнесі" (1981), "Үндестік" (1986), "Уақытпен бетпе-бет" (1985, неміс тілінде), "Үш әуен сарыны" (1986), "Гете және Абай" (1988), "Родство" (1991), "Земные избранники" (1995) атты зерттеу еңбектері, және басқа да шығармалары жарық көрген.

Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, т.б. қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, т.б. неміс жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Жиырмадай жинақтың құрастырушысы және жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-тей жинақтары бар. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының иегері (1988), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1987), Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері (1992), ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, "Парасат" орденінің иегері (1994), Қазақстандағы ПЕН-клуб сыйлығының иегерІ (1996).