Қазақстандық жеңіл атлет Азия чемпионатының қола медалін еншіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жеңіл атлетикадан Дохада өтіп жатқан Азия чемпионатында 400 метрге жүгіруден ерлер арасындағы бәсеке аяқталды. Қазақстандық Михаил Литвин мәреге үшінші болып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, екі күн ішінде қазақстандық желаяқ еліміздің екі рекордын орнатты. Кеше өткен жартылай финалдық жарыста ол аталған қашықтықты 45,38 уақыт көрсеткішінде жүгіріп өткен. Бүгін Литвин 400 метрді 45,25 секундта бағындырды. Бұл Қазақстанның жаңа рекорды.

Сондай-ақ ол 2019 жылғы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін нормативті орындады.

Айта кетейік, М.Литвин 2018 жылдың шілдесінде Алматыда өткен Ғұсман Қосановты еске алуға арналған дәстүрлі жарыста (ерлер арасында 400 метр) 34 жыл сақталған Қазақстан рекордын жаңартқан болатын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дохадағы Азия чемпионатында әйелдер арасындағы сында Элина Мизина күміс медаль алды.