Қазақстандық жеңіл атлет Литвадағы жарыста жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат- Қазақстандық жеңіл атлет Кристина Морозова Литвада өткен халықаралық турнирде спорттық жарыстан жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кристина алдағы қазан айында Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасына қатысады. Осы ірі доданың алдында спортшы өзінің дайындығын бір пысықтап алды.

Литваның Друскинскай қаласында өткен жарыста 17 жастағы атлет 3 шақырымдық спорттық жүрістен жарысқа қатысты. Сайыста 2001-2002 жылы туған жас атлеттер бақ сынады. Жерлесіміз қарсыластарының алдын орап, мәреге 14 минут 51 секундта жетті. Екінші орын алған спортшының уақыт көрсеткіші - 15.05 минут болса, үшіншісі - 15.21.

Айта кетейік, Друскинскайда спорттық жүрістен жыл сайын халықаралық жарыс ұйымдастыру дәстүрге айналған. Морозова Буэнос-Айресте 5 шақырымдық спорттық жүрістен өнер көрсетеді.

Фото: kazathletics.kz